Өмірді ойланбаймыз, сұрақ тумай,
Сүрінгенді білмейміз, құлап тұрмай.
Өмірдің бар мен жоғы — келу, кету,
Кіндігің кесілмейді жылап тумай.
Қайырмасы
Өмірді ойланбаймыз, сұрақ тумай,
Өмір бәйгі, шабасың тулап тынбай.
Өмірдің ақ-қарасы — күн мен түн ғой,
Қоштасамыз жақсымен жылап, қимай.
Ойхой, өмір, қайран көңіл!
Өмірді ойланбаймыз, сұрақ тумай,
Кейде шалқып кетеміз, тасып, симай.
Өмірде жақсы менен жаман егіз,
Кейде адасып кетеміз, тізгін жимай.
Қайырмасы
Өмірді ойланбаймыз, сұрақ тумай,
Тағдырдың жазғанына шыдай-шыдай.
Сынағы көп өмірдің, сұрағы көп,
Жауабы жоқ дәптерін шимай-шимай.
Өмірді ойланбаймыз, сұрақ тумай,
Өмір бәйгі, шабасың тулап тынбай.
Өмірдің ақ-қарасы — күн мен түн ғой,
Қоштасамыз жақсымен жылап, қимай.
Ойхой, өмір, қайран көңіл!